Орал қаласында бүгін ерекше әлеуметтік маңызға ие жаңа нысан – инклюзивті заманауи спорт кешені ашылды. Жобаны жүзеге асыруға Freedom Holding Corp компаниясы қолдау көрсетіп, қала тұрғындары үшін қолжетімді әрі көп салалы спорт орталығын пайдалануға берді.
Салтанатты ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Freedom Holding Corp басқарма төрағасы Тимур Турлов қатысты. Олар бұл жобаның өңір дамуына, әсіресе инклюзивті орта қалыптастыруға қосатын үлесін ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту жөніндегі бастамаларын еске салды.
«Президент атап өткендей, бизнес пен мемлекеттің өзара ықпалдастығы көптеген әлеуметтік мәселенің шешілуіне жол ашып отыр. Бүгін ашылып отырған нысан – осы саясаттың нақты нәтижесі, инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді ол.
Жаңа орталықтың мүмкіндіктері
Жалпы аумағы 2 025 шаршы метрді құрайтын спорт кешені бірнеше функционалды аймақтан тұрады. Олардың қатарында:
• спорттық ойындарға арналған жаттығу залдары;
• күреске арналған арнайы бөлме;
• үстел теннисіне арналған алаң;
• жалпы және арнайы дене дайындығына арналған заманауи жабдықтар.
Кешен инфрақұрылымы инклюзивті стандарттарға сай жасалған, бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да спортпен еркін айналысуына мүмкіндік береді.
20 спорт түрі, 250-ден астам спортшы
Жаңа орталықта спорттың 20 түрі бойынша 250-ден астам жас спортшы жаттығуды бастайды. Бұл өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына серпін беріп қана қоймай, кәсіби деңгейдегі спортшыларды тәрбиелеуге де мүмкіндік ашпақ.
Оралдағы жаңа спорт кешенінің ашылуы – мемлекеттік саясат, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін бизнес және жергілікті қоғамдастықтың ортақ еңбегінің нақты нәтижесі.
Сурет: БҚО әкімдігі

