2025 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуге облыстан 7141 талапкер қатысып, жартысынан көбі шекті балл жинаған. Олардың 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, төрт адам ағылшын тілінде тест тапсырған. Нәтижесінде қатысушылардың 77 пайызы шекті балл жинады. Облыста бес пән бойынша орташа балл – 71. Ең жоғары балл – 137. Сондай-ақ, ерекше білім беру қажеттілігі бар 35 талапкер ҰБТ-ға қатысты. Тестілеу кезінде ереже бұзған 33 оқушы аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Жалпы, Қазақстанда барлығы 210 мыңнан астам талапкер тест тапсырды. Оның 76,5 пайызы қазақ тілінде, 23,5 пайызы орыс тілінде, 149 адам ағылшын тілінде тест тапсырған. Шекті балды 161 мыңға жуық түлек жинаса, бес пән бойынша орташа балл — 69. Ең жоғары 140 балды Түркістан облысының оқушысы жинады.
— ҰБТ кезінде 711 заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 326 адам смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып келу әрекеті салдарынан тестілеуге қатысу мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережені бұзған 380 талапкер аудиториядан шығарылып, олардың да нәтижелері жойылды. Кейбір талапкерлерден смарт сағаттар, құлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар тәркіленді. Бейнежазбаны тексергеннен кейін тестілеу ережесін бұзған бес адамның қорытындысы жойылды, — деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталса, ҰБТ нәтижелері жойылады.