Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа тәсілі тарап жатыр. Енді олар өздерін компания, мемлекеттік орган немесе университет басшысы ретінде таныстырып, азаматтарды алдап соғуда, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алаяқтар мессенджердегі жалған аккаунттан немесе ауыстырылған нөмірден хабарласады. Олар адамды сендіру үшін деректердің тарап кеткенін немесе ақшаңызды біреу ұрламақ болғанын айтып, жағдайды әдейі ушықтырады да, шұғыл әрекет етуді талап етеді.
Одан кейін жәбірленушіге жақын арада «мамандар» немесе «құқық қорғау органының қызметкерлері» хабарласатынын ескертіп, олардың нұсқауын мүлтіксіз орындауды сұрайды.
Нәтижесінде азаматты ақшасын «қауіпсіз шот» деп аталатын есепшотқа аударуға көндіреді. Қаражат түскеннен кейін алаяқтар бірден із-түссіз жоғалып, байланысқа шықпай қояды.
Алаяқтар өз құрбанын сендіру үшін телефон нөмірлерін ауыстыру, дауысты өзгерту сияқты түрлі технологиялық айла-шарғыны қолданады.
Фото: Әлеуметтік желіден

