Түркістан облысы, Сарығаш ауданында қанды қылмыс жасалды. 7 мамыр күні Жібек Жолы ауылында көршілес елден келген 39 жастағы ер адам 75 жастағы қарияны өлтіріп, денесін балтамен бөлшектеген.
Оқиғаға себеп болған даулы жағдай да шым-шытырық. Тергеу деректеріне сүйенсек, күдікті қариядан су сұраған, алайда ол бас тартқан. Сол сәтте ашуға бой алдырған қылмыскер алдымен күрекпен ұрып, кейін мәйітті балтамен бөлшектеп тастаған. Тіпті, марқұмның денесін қорлағаны да айтылды. Қылмыстан соң ол полицияға өзі хабар берген.
Сот-медициналық сараптама айыпталушының психикалық ауытқуы бар екенін анықтады. Соның нәтижесінде сот оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, арнайы емханаға жіберу туралы шешім шығарды.
Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Жергілікті тұрғындар мен әлеуметтік желі қолданушылары қылмыскердің жазадан құтылуына наразы. «Енді біз шетелден келгендердің жындысын да бағып отырмыз ба?» деген сын пікірлер көбейіп жатыр.