Белгілі кәсіпкер Арсен Томский танымал мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың әкесі әрі бірінші бапкеріне автомобиль сыйлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Кәсіпкер бұл қадамын спортшының Италиядағы керемет жеңісінен кейін жасағанын айтты. Томскийдің сөзінше, бұл сыйлық – кезінде ұлының арманы үшін жеке көлігін сатып, үлкен құрбандыққа барған әкеге деген алғыс.
«Бұл – ұлының болашағы үшін қолындағы барын сарп еткен әкеге және бірінші бапкерге деген құрмет», – деп атап өтті бизнесмен.
Бұған дейін Михаил Шайдоров сұхбаттарының бірінде әкесінің спорттық мансабын бастау үшін соңғы көлігін сатуға мәжбүр болғанын айтқан еді. Бұл оқиға көпшіліктің есінде қалып, қоғамда қызу талқыланған.
Еске сала кетейік, осыған дейін әнші Димаш Құдайберген де спортшының өзіне автомобиль сыйлайтынын мәлімдеген болатын.
Фото: Әлеуметтік желіден

