«ӨСУ КАПИТАЛЫ: АЙМАҚТЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ» ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ

Оралда БҚО әкімдігі мен прокуратурасының ұйымдастыруымен «Өсу капиталы: аймақтың жаңа мүмкіндіктері» атты инвестициялық форум өтті. Маңызды жиынның мақсаты – бизнес қауымдастықпен өзара іс-қимылды нығайту және инвесторлардың құқығын қорғау. Іс-шараға аймақ басшысы Нариман Төреғалиев, облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, ҚР Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Азамат Дүйсембеков, Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андақов және Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Жақыбаев қатысты.

Форум аймақтағы оқу орындары мен іргелі кәсіпорындардың инновациялық жобалар көрмесімен ашылды. Онда инвесторлар тың бастамаларын таныстырып, экономикалық тиімділігіне назар аудартты. Ресми бөлімде аймақтың инвестициялық әлеуеті туралы бейнеролик көрсетіліп, жобалардың нақты нәтижелері баяндалды.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірде инвесторлардың құқығын қорғау және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша кешенді іс-шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

— Мемлекет басшысы инвестиция тарту ісін жүйелі жолға қойып, жобаларды әртараптандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Кешенді жұмыстар мен келіссөздер нәтижесінде кейінгі 3 жылда өңір экономикасына 2,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Прокуратура органдарымен бірлесе отырып, инвесторлардың құқығын қорғау шараларын жалғастыра береміз. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы тұрғындардың табысын арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуға серпін береді», — деді Нариман Төреғалиев.

Форумда жылына 100 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт салу, газтурбиналық электр стансасының құрылысы, «Еуразия» логистикалық хабын құру, фармацевтикалық препараттар шығару сияқты оңтүстік кореялық, қытайлық және ресейлік компаниялардың қатысы бар ірі жобалар талқыланды.

Жиын соңында қалдықтарды өңдеу, энергетика, қонақ үй бизнесі және құс фабрикасын салу бойынша ынтымақтастық жөніндегі маңызды меморандумдарға қол қойылды. Құрылыс, машина жасау, металлургия және туризм салаларының дамуына үлес қосқан бірқатар компания басшылары арнайы марапаттарға ие болды.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас жазбалар

Астанада Әл-Фараби даңғылының бір бөлігі жыл соңына дейін жабылады: көлік қозғалысы өзгереді

Астанада Тәуелсіздік даңғылын жалғастыру құрылысы басталды. Осыған байланысты Әл-Фараби даңғылының бір бөлігі жыл соңына дейін…

Тоқаев Ердоғанды Астанада салтанатты түрде қарсы алды

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанды салтанатты түрде қарсы алып, екіжақты ынтымақтастықты талқылады.

Құрбан шалуды енді онлайн реттеуге болады: арнайы сайт іске қосылды

ҚМДБ құрбан шалуды онлайн өткізуге арналған сайт іске қосты. Енді рәсімді қашықтан тапсырыс беріп, бақылауға…