Атырау әуежайына жоспардан тыс қонған ресейлік жойғыш ұшақ қала тұрғындары арасында алаңдаушылық тудырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Кеше әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Атырау халықаралық әуежайына Ресейдің жойғыш ұшағы қонғаны туралы ақпарат тараған болатын. Бұл жағдайға қатысты түнде Қазақстан Қорғаныс министрлігі ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның хабарлауынша, 20 ақпаннан бастап екі елдің Әуе қорғанысы күштері бірлескен жаттығу өткізіп жатыр. Оның аясында әуе нысаналарын анықтау, сүйемелдеу, әуе кеңістігін бұзушыны ұстау және оны мәжбүрлеп қондыру сияқты тапсырмалар пысықталуда.
«Оқу-жаттығудың негізгі міндеттерінің бірі — әуе кеңістігін бұзушыны ұстау және оны мәжбүрлеп қондыру. Ресей Федерациясының әуе кемесі Атырау әуежайына осы тапсырманы пысықтау аясында қондырылды. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігі азаматтарды алаңдамауға және тек ресми ақпаратқа сенуге шақырады», — делінген министрлік хабарламасында.
Фото: Әлеуметтік желіден

