Categories Жайық news

Арқалыққа ұшақ ұшады, Жетісуға газ келді: Құрылтайдан кейін елде қандай жобалар іске асып жатыр?

Үкімет Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын орындауды жалғастырып жатыр. Елде бірнеше маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жоба қолға алынды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының төрт Құрылтайда айтқан бастамаларын іске асыру үшін арнайы заңнамалық база жасақталып, 26 заң қабылданды. Негізгі басымдық инфрақұрылымды дамытуға, адами капиталды арттыруға және заң үстемдігін қамтамасыз етуге берілген.

Инфрақұрылымды жаңғырту аясында «Астана – Арқалық – Торғай – Ырғыз» автомобиль жолының құрылысы басталды. Ұзындығы 896 шақырымды құрайтын бұл жоба орталық өңірлерді Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен тікелей байланыстырады. Оның жалпы құны 1,1 трлн теңгеге бағаланып отыр.

Сондай-ақ шағын қалалардың көлік қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылған. Мәселен, Арқалық қаласында 1992 жылдан бері жұмыс істемей тұрған әуежайды қалпына келтіру қолға алынды. Ұшу-қону жолағын жаңартып, жаңа терминал салу үшін арнайы мемлекеттік қордан 5,5 млрд теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.

Халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жобалар да назардан тыс қалған жоқ. 2024 жылдан бері жұмыс істейтін «Наурыз» жаңа ипотекалық бағдарламасы аясында 16,3 мың қарыз берілсе, 2025 жылы тағы 8,5 мыңнан астам несие беру көзделген.

Өңірлерді газдандыру жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылы бұл салаға 112,4 млрд теңге бөлініп, 2 мың шақырымнан астам желі тартылды. Оның ішінде «Талдықорған – Үшарал» магистральды газ құбырының мерзімінен бір жыл төрт ай бұрын аяқталуы маңызды жетістік болды. Бұл Жетісу облысының 84 елді мекенін көгілдір отынмен қамтып, өңірді газдандыру деңгейін 76%-ға жеткізеді.

Президенттің «Адал азамат» тұғырнамасы негізінде адами капиталды дамыту және жаңа идеологияны қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы «Адал азамат» деп өзгертіліп, оның мазмұны «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына сай жаңартылды.

Тарихи жадыны сақтау және зиялы қауым өкілдерін қолдау бағытында да бірқатар бастама іске асты. Атап айтқанда, «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайта қалпына келтірілді, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні болып бекітілді және отандық авторлардың «100 кітабының» тізімі жасалды. Сонымен қатар Астанада 2027 жылы ашылатын Президенттік кітапхананы жобалау жұмыстары басталды.

Адал еңбек идеологиясын дәріптеу мақсатында 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Бұған қоса, еліміздің марапаттау жүйесіне өндірістік сала мамандары үшін 9 жаңа құрметті атақ енгізілді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Тереңдігі 600 метр шахтада қайғылы оқиға: Бестөбеде заңсыз алтын іздеген ер адам мерт болды

Ақмола облысындағы «Қазақалтын» шахтасына заңсыз кірген ер адам қаза тапты. Оның денесін 600 метрден астам…

СҚО-да бес жасар қыз тірідей жанып кетті: Анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Солтүстік Қазақстан облысында ересектер пеш жағып, бес жасар қызын үйде құлыптап кеткен. Салдарынан бала өрттен…

Қазақстандағы жаңа ереже: Әскердегі сарбаздарға несие беруге тыйым салынады

Қазақстанда мерзімді әскери қызметтегі сарбаздарға несие беруге тыйым салынуы мүмкін. Қорғаныс министрлігі олар туралы мәліметті…