Америка Құрама Штаттары әлемдік қару-жарақ нарығының 43 пайызын бақылауында ұстап, бұл саладағы көшбасшылығын сақтап отыр. Алайда, 900 миллиард долларға жеткен рекордтық тапсырыс көлемі АҚШ-тың өз одақтастарына қару-жарақты уақытылы жеткізе алмайтынын көрсетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
USA Today басылымында жарияланған мақалада америкалық саясаткерлер Марко Рубио мен Пит Хегсет осындай мәселе көтерді. Олардың айтуынша, қазіргі уақытта 190 ел мен аймақтан 16 мыңнан астам тапсырыс жиналып қалған, ал одақтастар ақысы төленген қаруды алу үшін бірнеше жыл күтуге мәжбүр.
Саясаткерлер АҚШ-тың әскери-өнеркәсіптік кешенінің өндірістік қарқыны сұранысты қанағаттандыруға жеткіліксіз екенін алға тартады. Бұл жағдай Американың ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді.
«Рекордтық сұраныс, өндірістік қуаттың шектен тыс жүктелуі және жеткізу мерзімінің созылуы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс саудасына қауіп төндіруі мүмкін. Американы күшейтудің орнына, ұзақ күту одақтастарымызды сапасы төмен болса да, жылдам жеткізуге уәде беретін басқа сатушыларға жүгінуге итермелейді», — делінген мақалада.
Осыған байланысты Рубио мен Хегсет әскери-өнеркәсіптік кешеннің жұмысын қайта қарауды ұсынды. Олар жаңа капитал тарту және жеткізу тізбегін оңтайландыру арқылы америкалық қаруды жаһандық серіктестерге жеткізуді едәуір жылдамдатуға болатынына сенеді.
Фото: Әлеуметтік желіден

