Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің әскери операциясы салдарынан қаза тапты. Бұл ақпаратты 1 наурыз күні таңертең Иранның Tasnim, IRNA, ISNA, Mehr және Fars сияқты мемлекеттік агенттіктері растады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Fars агенттігінің хабарлауынша, Хаменеи өз резиденциясындағы жұмыс орнында көзі жойылған.
«Ислам революциясының ұлы көсемі, мәртебелі аятолла Хаменеи 28 ақпан, сенбі күні таңертең сионистік режим мен АҚШ жасаған шабуыл салдарынан шәһит болды», – делінген ресми хабарламада.
Осыған байланысты ел үкіметі 40 күндік жалпыұлттық аза тұту және жеті күндік жалпыұлттық демалыс жариялады. Аятолла Хаменеи Ислам Республикасын соңғы 36 жыл бойы басқарып келген еді.
Иран президентінің ресми Telegram-арнасында жарияланған мәлімдемеде кек қайтаруға уәде берілді.
«Бұл сұмдық қылмыс ешқашан жауапсыз қалмайды… Біз осы қылмысты ұйымдастырып, іске асырғандарды өкіндіреміз», – деп жазылған мәлімдемеде.
Бұған дейін Хаменеидің қазасы туралы АҚШ президенті Дональд Трамп хабарлап, Иранның рухани көсемін «тарихтағы ең қатыгез зұлымдардың бірі» деп атаған болатын.
Фото: Әлеуметтік желіден

