Categories Жайық news

Алматыдағы жекеменшік мектепте оқушы өз-өзіне қол салмақ болды: Полиция қылмыстық іс қозғады

Алматыдағы QSI жекеменшік мектебінің оқушысы өз-өзіне қол жұмсамақ болып, ауруханаға түсті. Полиция бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға туралы оқушының әкесі, кәсіпкер Қанат Әміркин әлеуметтік желіде жазды. Оның айтуынша, қызы мектепте сыныптастарының үнемі қысымына ұшыраған.

«Қызымды ауруханаға алып бара жатыр – мектепте өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Сөйтсем, ол сабаққа дұрыс жауап бермесе, сыныптастары күліп, мазақтайды екен. Ал мұғалім бұған тыйым салмаған», – деп жазды ол.

Жағдайға байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті түсініктеме берді. Ведомство оқиға орнына Білім басқармасы өкілдерімен бірге Психологиялық қолдау орталығының мобильді тобы барғанын мәлімдеді. Мамандар зардап шеккен балаға жеке психологиялық көмек ұйымдастыратынын жеткізді.

«Мектеп әкімшілігіне педагогикалық ұжыммен балалар арасындағы суицидтік мінез-құлық белгілерін ерте анықтауға және осындай жағдайларға жол бермеуге бағытталған профилактикалық жұмыс жүргізу ұсынылды. Жағдай уәкілетті органдардың бақылауында», – делінген комитет хабарламасында.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы («Өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бойынша іс қозғалғанын растады. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы «жан-жақты, толық және объективті» түрде анықталатыны айтылды.

Ал мектеп әкімшілігі бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады: Президент министрге жаңа тапсырмалар жүктеді

Президент Тоқаев Ғылым министрі Саясат Нұрбекті қабылдады. Жасанды интеллект университетін ашу және ғылымды дамыту мәселелері…

«Бастығыңыз хабарласып тұр»: Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа түрі тарады. Енді олар өздерін басшы ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын алдап…

Жарты ғасырлық үзілістен соң: NASA астронавтарды Айға қайта аттандырды

NASA 50 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Айға астронавттарды аттандырды. «Артемида-2» миссиясы Ай бетіне қайта…