Алматыда Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасын талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
«Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы мүшелерімен өткен басқосу 15 наурызға жоспарланған республикалық референдумға арналды. Жиынға депутаттар, әлеуметтанушылар, отандық кино және музей саласының өкілдері, шығармашылық бірлестіктер мен медиа қауымдастық өкілдері қатысты.
Аида Балаева Ата заңның жаңа жобасында адами капиталға басымдық берілгенін, ал мәдениет пен тарихи мұраны сақтау мәселесі жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше мән беріліп, ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау конституциялық қағидат деңгейіне көтерілді. Бұл мемлекеттің болашағы табиғи ресурстарға ғана емес, ең алдымен білімді, зияткерлік әлеуеті жоғары азаматтарға сүйенетінін көрсетеді. Ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау ұғымдарының алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілуі біз үшін үлкен қуаныш әрі зор жауапкершілік. Сондай-ақ ел азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiне ұқыпты қарауға мiндеттi екені де анық көрсетілген», – деді Аида Балаева.
Медиаменеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Мұхамеджанова жобаның заң үстемдігі мен қоғамдық қатысу қағидаттарын күшейтетінін және цифрлық ортада азаматтардың құқығын қорғауға кепілдік беретінін айтты.
Өз кезегінде режиссер Талғат Теменов ел үшін маңызды кезеңде әр азаматтың жауапкершілігі арта түсетінін жеткізді.
«Ел тарихында Конституция алғаш рет қазақ тілінде жазылды. Мен осыған қуандым. Екінші қуанғаным, бір палаталы парламент, яғни Құрылтайды құру бастамасы болды. Үшінші, президенттің бір-ақ рет сайлануы. Ата заңның әр тармағы – қазақтың ертеңі, үміті мен болашағы. Келер ұрпақ үшін бірігіп, референдумға қатысуымыз өте маңызды», – деді ол.
Ал кино продюсері Жалын Тілеуберген жаңа Конституция жобасы креативті экономика мен креативті индустрияны дамытуға жол ашатынын атап өтті.
«Конституциялық деңгейде сөз бостандығына, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндікке кепілдік беріліп, зияткерлік меншік қорғалса, бұл жас режиссерлер мен актерлер үшін берік тірек болар еді. Басты ресурс – шикізат емес, азаматтардың идеясы, ойы, дарыны мен еңбегі. Ал референдумға қатысу өнер мен қоғам арасындағы байланысты күшейтетіні анық», – деді ол.
Кездесу соңында қатысушылар 15 наурызда өтетін референдумда әр азамат жаңа Конституция жобасы бойынша өз ұстанымын білдіретінін еске салды.
Фото: Әлеуметтік желіден

