Қазақстанда 1 ақпаннан бастап жоғары оқу орындарының әскери кафедраларына түсу үшін құжаттар электронды түрде қабылдана бастайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Бұл қызмет eGov.kz порталында қолжетімді болады. Өтінімді бакалавриаттың күндізгі бөлімінде оқитын студенттер тапсыра алады. Құжат қабылдау 30 қыркүйекке дейін жалғасады.
Әскери кафедрада оқу студенттерге негізгі білімінен қол үзбей, запастағы лейтенант немесе кіші сержант әскери атағын алуға мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін eGov.kz порталында келесі қадамдарды орындау қажет:
- Порталға кіріп, авторлану;
- «Басты бет» – «Азаматтарға» – «Әскери есеп және қауіпсіздік» – «Әскери қызмет» бөліміне өту;
- «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарындағы әскери кафедраларға түсу үшін өтініштер қабылдау» қызметін таңдау;
- «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;
- Деректерді толтырып, әскери кафедра мен оқу бағдарламасын таңдау;
- Деректерді пайдалануға келісім беру;
- Сұранысқа қол қоюдың қолжетімді әдістерінің бірімен қол қою.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мәліметінше, жаңа сервис азаматтың соттылығы, мүгедектігі туралы мәліметтерді және психоневрологиялық, наркологиялық, туберкулезге қарсы диспансерлерден алынған ақпаратты автоматты түрде тексереді.
Фото: Әлеуметтік желіден

