Әрбір сәби Жаратқанның жер бетіне жіберген мейірім мен махаббаттың теңдессіз сыйы. Ал кей періштелер сол шексіз сезімдердің белгісі ретінде өзгеше жаратылысымен өмірге келеді. Солардың бірі – жүрегі оң жағында орналасқан сәбилер. Жаратқан ерекше етіп жаратқан, жүрегі оң жағында орналасқан сәбидің бірі — казталовтық Әнуар есімді батыр. Әнуар өзгеше махаббатпен өмірге келген ерекше періште.
Анасы Мөлдір бұл хабарды алғаш естігенде көңілі алаңдап, көкірегін уайым кернегенін жасыра алмады. Әрине, ата-анасына жүректің қай тұста соғуы емес, қалай соғатыны маңызды.
-Жүкті кезімде 34 апта 1 күн толғанда, яғни 2022 жылдың қаңтар айында үшінші УЗИ-ге түсуге бардым. Сол кезде ағылшын тілінде бір диагноз жазылған қағаз қолыма тиді. Алайда нақтылап ешкім ештеңе айтпады. Содан соң сол қағазбен ақылы УЗИ-ге түсіп, тексеріс нәтижесінде “жүректің сол жақта орналасу белгісі жоқ” деген қорытынды алдым. Босанар кезде мен алғаш түскен УЗИ қағазын апармай, тек сол ақылы УЗИ қорытындысын ғана өзіммен бірге алып бардым. Кесар тілігімен босандым. Бірақ перзентханада 5 күн жатқанымызда дәрігерлер тарапынан ешқандай ерекше ескерту айтылмады. Бәрі қалыпты болды. Уақыт өте келе бұл жағдай ұмытылып кетті. Менде алғашқы УЗИ анықтамасы бойынша әріден іздеп, қазбалай қоймадым. Әрі дүниеге келген кезде жүректің орналасуы туралы ештеңе ескертілмеген соң, аса мән бермеппін. Бала да жақсы өсті, салмақты болды, уақытымен дамыды, -дейді анасы.
Алайда бәрі Әнуар 7-8 айлығында ауырған кезден бастап өзгерген. Аяқ астынан пайда болған жөтел, мазасыздық, жоғары температура ананың жүрегін елең еткізді. Дәл осы сәттен бастап, Мөлдір үшін алаңсыз сәттер артта қалғандай ед/і/. Ұйқысыз түндер, тынымсыз ойлар ана жүректің дүрсүлін дамылсыз соқтырып, өткен сәттегі ой жетегіне қайта апарғандай…
-Сондай ауыр күндердің бірі еді. Ауруханаға барғанымызда, балалар дәрігері Ернар Темірханұлы Әнуарды тыңдап отырып, кенет: “Жүрегі басқа жақта соғып тұр. Есепте тұрасыздар ма?” -деп сұрады. Таңғалдым. Бұған дейін ешкім бұлай деген емес. Алайда…, -деген сауалдар мазалайды…
Әлбетте Әнуардың анасы баласының денсаулығына уақытында жіті мән бергенін, барлық екпелерді уақытында алғанын, бірақ бірде-бір дәрігер осы кезге дейін жүрек орналасуы жайында ешқандай ескерту жасамағанын айтады. Бұл жағдайдан кейін, анасы Әнуарды алып, қаладағы ақылы УЗИ-ге барады. Диагноз нақтыланған соң, дәрігер сәбидің жүрегі оң жақта орналасқанын айтады. Әрине, алғашында бұл сөзді есту әр ана үшін ауыр тиеді. Осы сәтте Әнуардың анасының де жан-дүниесі алай-дүлей күйде болады, алайда әп-сәтте мазалаған уайым орнын үміт пен мейірім басады. Себебі — дәрігерлер мұндай диагноздың баланың өміріне еш қауіп төндірмейтінін, жүрек құрылымы дұрыс және толыққанды өмір сүруге қабілетті екенін айтып, ана жүрегіне сенім сыйлайды.
Дәрігердің жылы сөзінен кейін ана жүрегі тынышталды. Ата-анасы үшін Әнуар жүрегімен де, болмысымен де ерекше бала. Бұл Алланың бізге берген өзгеше сыйы деп біледі олар.
Әр сәби жарық дүние есігін ашқан сәттен бастап бір адамның ғана емес, бүтін бір отбасының қуанышына айналады. Ал Алла ерекше етіп жаратқан балалар одан да үлкен махаббат пен мейірімге бөленіп өседі. Әнуар да сондай өзгеше сезімдердің кейіпкері. Ол үйдің ең кенжесі. Әкесі мен анасының, бауырларының қамқорлықтарына, мейірім мен махаббаттарына тойып өсіп келе жатқан періште.
Жарық әлемнің кішкентай кейіпкері ӘНУАР ата-анасына берген Алланың шексіз нығметі…
Жұлдыз АСҚАР, БҚО, Казталов ауданы