Өзбекстанның UZCARD карталары енді Қазақстандағы Halyk Bank банкоматтары мен POS-терминалдарында қабылданады. Бұл туралы Tenge Bank, Halyk Bank және UZCARD төлем жүйесі арасында үшжақты меморандум жасалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Келісім аясында Өзбекстанның UZCARD ұлттық төлем жүйесінің карталарын Қазақстанда қабылдау үшін инфрақұрылым құрылады. Бұл екі ел арасындағы туризм мен бизнесті дамытуға серпін бермек.
Tenge Bank басқарма төрағасы Ерлан Әбділдин бұл бастаманы «ортақ экономикалық кеңістікті қалыптастырудағы маңызды қадам» деп атады.
«Біздің мақсатымыз – өзара есеп айырысуды жеңілдету арқылы екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту», – деді ол.
Жоба алдымен ірі қалаларда, оның ішінде Оралда да іске қосылады. Нақты мерзімі әзірге белгісіз, бірақ тараптар келісімді 2025 жылдың бірінші жартысында толық іске асыруды жоспарлап отыр.

