Қазақстан өңірлері арасындағы экономикалық даму деңгейіндегі алшақтық шарықтау шегіне жетті: ең бай және ең кедей аймақтардағы жан басына шаққандағы табыс айырмашылығы шамамен 10 есені құрады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 99,7 трлн теңгеге жетіп, нақты өсім 6,3%-ды көрсетті. Алайда бұл оң көрсеткіштің игілігі өңірлерге біркелкі таралмаған.
Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) өсу қарқыны бойынша Астана қаласы (11,5%), Түркістан облысы (10,1%) және Атырау облысы (9,6%) көш бастап тұр. Дегенмен, жоғары өсу қарқыны әрдайым халықтың әл-ауқатының жоғары екенін білдірмейді.
Ел экономикасының негізгі тіректері – Алматы (20,5%), Атырау облысы (11,6%) және Астана (11,6%) қалалары. Бұл үш орталық елдің жалпы ішкі өнімінің жартысына жуығын қамтамасыз етеді.
Аймақтардағы экономика сапасының басты индикаторы – жан басына шаққандағы ЖӨӨ көрсеткіші. Республика бойынша орташа деңгей – 4,9 млн теңге. Алайда өңірлер арасындағы жағдай жер мен көктей.
Жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша көшбасшы 5 өңір:
- Атырау облысы – 16 205,5 мың теңге
- Алматы қаласы – 8 826,7 мың теңге
- Ұлытау облысы – 7 444,4 мың теңге
- Астана қаласы – 7 354,0 мың теңге
- Қарағанды облысы – 5 732,4 мың теңге
Жан басына шаққандағы ЖӨӨ бойынша ең төмен көрсеткішті 5 өңір:
- Түркістан облысы – 1 667,0 мың теңге
- Жамбыл облысы – 2 158,8 мың теңге
- Жетісу облысы – 2 407,5 мың теңге
- Қызылорда облысы – 2 643,6 мың теңге
- Шымкент қаласы – 2 890,9 мың теңге
Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімдегі алшақтық – жай ғана статистика емес, бұл адамдардың мүмкіндіктеріндегі айырмашылық. Көрсеткіш жоғары жерде жалақы да жоғары, медицина мен білім де қолжетімді. Ал төмен аймақтарда өмір сүру қиынырақ, инвестиция аз, даму баяу. Елдің тұрақты дамуы үшін көшбасшыларды күшейтіп қана қоймай, артта қалған өңірлерді де мақсатты түрде қолдау қажет. Әйтпесе, алшақтық ұлғайып, әлеуметтік шиеленіске әкелуі мүмкін.
Фото: Әлеуметтік желіден

