Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық комиссияның жұмыс барысымен танысты. Мемлекет басшысына жарты жыл ішінде Негізгі заңға өзгеріс енгізу бойынша 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түскені баяндалды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ақордада өткен кездесуге Конституциялық комиссия төрағасы Эльвира Әзімова, оның орынбасары Ерлан Қарин және комиссия мүшесі Ержан Жиенбаев қатысты. Олар президентке комиссияның бұған дейінгі отырыстарының нәтижелері туралы есеп берді.
Эльвира Әзімованың айтуынша, жарты жылға созылған қоғамдық талқылау кезінде арнайы электронды платформаға азаматтардан, құқықтанушы ғалымдардан, сарапшылар мен заңгерлерден, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардан, сондай-ақ бизнес қауымдастықтардан 2 мыңнан аса ұсыныс пен бастама келіп түскен.
Комиссия жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық отырыс медиакеңістікте, соның ішінде арнайы Telegram арналары арқылы тікелей эфирде көрсетіліп отыр.
Бүгінге дейін өткен отырыстарда комиссия мүшелері Конституция преамбуласының жаңа редакциясын, сондай-ақ бірқатар бап пен бөлімдердің жобасын әзірлеп, талқылаған.
Мемлекет басшысы алдағы Конституциялық реформа еліміздің дамуына тың серпін беретінін және бұл реформаларды іске асыруда комиссия жұмысының өте маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Фото: Әлеуметтік желіден

