Сурет: usykaa парақшасынан
Украиналық ауыр салмақтағы боксшы Александр Усик өзіне тиесілі барлық әлем чемпионы белбеулерінен бас тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы ол Instagram парақшасында хабарлады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Қазір иеленіп отырған барлық белбеулерімді босатқым келеді. Кезекте тұрған боксшылар сол атақтар үшін жұдырықтаса берсін», деп жазды Усик.
Сонымен қатар, ол бұл шешімі кәсіби бокстан кетіп жатқанын білдірмейтінін ерекше атап өтті. «Менде әлі Last Dance бар», деді боксшы. Осылайша ол кем дегенде тағы бір ресми жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырғанын меңзеді.
Усиктің бұл шешіміне бұрынғы әлем чемпионы әрі қазіргі бапкер Вячеслав Сенченко пікір білдірді. «Бұл шешімге таңғалған жоқпын. Бұл өте орынды қадам. Әрбір чемпиондық белбеудің міндетті үміткерлері бар, ал чемпион оларды қорғауға міндетті. Усиктің жағдайында мұның бәріне үлгеру қиын. Сондықтан ұйымдардың қысымынан арылу үшін осындай шешім қабылдады. Ол ай сайын барлық үміткермен жұдырықтаса алмайды. Енді бір ғана маңызды жекпе-жекке немесе коммерциялық кездесулерге назар аудара алады», деді Сенченко Tribuna.com басылымына.
Оның айтуынша, егер чемпион белбеулерін қорғауға ниетті болмаса, оларды босатқан дұрыс. «Егер белбеуді ұстап тұрсаң, оны қорғауың керек. Міндетті қарсыластар бар. Егер бұл Усикке қызық болмаса, онда белбеулерді босатып, рейтингте жоғары тұрған боксшылардың сол атақтар үшін таласуына мүмкіндік бергені дұрыс. Белбеуді қорғаусыз ұстап отырудың мәні жоқ», деді бапкер.
Александр Усик қазіргі таңда ауыр салмақта WBC (2024), WBA (2021), IBO (2021), IBF (2025) және The Ring (2022) нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған. Сондай-ақ ол бірінші ауыр салмақта (2018–2019) және ауыр салмақта (2024, 2025) екі мәрте абсолютті әлем чемпион болды. 2025 жылғы 19 шілдеде өткен қарымта кездесуде Дэниел Дюбуаны жеңгеннен кейін Александр Усик Мұхаммед Әлиден кейін ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атағын екі рет жеңіп алған алғашқы боксшы ретінде тарихқа енді.

