Сурет: Egemen Qazaqstan
Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) мінез-құлық командаларының жаһандық картасына енді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
2026 жылғы маусымда Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталықтың (ҰТО) Мемлекеттік басқару және мінез-құлыққа негізделген саясат орталығы ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік сектордағы инновациялар обсерваториясының дерекқорында тіркелді. Бұл картада 63 елден 300-ге жуық ұйым бар. Орталықтың қосылуы Қазақстандағы мінез-құлық ғылымы мен саясатын жаһандық қауымдастыққа алғаш рет ресми таныстырды.
Қазақстанның картаға енуі мемлекеттік басқаруды жаңғырту мен ғылыми тәсілдерді енгізудегі үкімет саясатының нәтижесі. Ел озық тәжірибені зерделеп, жаңа құралдарды сынақтан өткізуге және нәтижелерді кеңінен енгізуге дайын.
ҰТО жанындағы орталық – мемлекеттік басқаруда мінез-құлық тәсілдерін дамытуға бағытталған алғашқы мамандандырылған құрылым. Ол зерттеулер жүргізіп, құралдар әзірлейді және мемлекеттік аппаратқа әдістемелік қолдау көрсетеді. Орталық деректер мен ғылыми зерттеулерге негізделген басқару моделіне көшудің маңызды бөлігі.
Кәсіби құзыреттерді дамыту үшін ҰТО британдық Behavioural Insights Team (BIT) ұйымымен ынтымақтасады.
Соңғы он жылда әлемнің жетекші мемлекеттері мінез-құлық ғылымын басқаруға енгізуде. Қазақстан да дәстүрлі тетіктерді икемді, ғылыми негізделген шешімдермен толықтырып келеді. Мінез-құлыққа негізделген саясат денсаулық сақтау, салық, әлеуметтік қорғау және көлік салаларында тиімділікті арттыруда. Құралдар азаматтардың таңдау ортасын жетілдіріп, еркіндігін шектемей, қоғам мүддесіне сай шешім қабылдауға көмектеседі.
Қазақстанда мінез-құлық тәсілдерінің тиімділігі тәжірибеде дәлелденді. ҰТО BIT және «Magnum Cash & Carry» желісімен бірлесіп, қазақстандық өнімдерді таңдауды ынталандыру бойынша пилоттық жоба жүргізді. 2026 жылғы наурыз–сәуірде Астанадағы сегіз супермаркетте қазақстандық ірімшіктерге арнайы баннерлер, стикерлер, сөре бөлгіштері және аудиохабарландыру қолданылды. Нәтижесінде сатылым 20 пайызға артты, баға өзгеріссіз қалды.
Пилоттық жоба нәтижелері кең ауқымды енгізуге негіз болды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің бастамасымен мінез-құлық құралдары барлық өңірде енгізілуде. Бұл жұмыс «QazTrade» АҚ және өңірлік сауда басқармаларымен бірлесіп жүзеге асырылып, ҰТО ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу көрсетеді.
ЭЫДҰ-ның Мемлекеттік сектордағы инновациялар обсерваториясы мемлекеттік басқарудағы озық тәжірибелер туралы халықаралық білім қорларын қалыптастырады.

