Categories Қаржы

Салық төлеуші кабинетінде еңбекақы қорына арналған жаңа сервис пайда болады

Сурет: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 17-ші отырысында Мемлекеттік кірістер комитеті Салық төлеуші кабинетіндегі жаңа сервистің жобасын таныстырды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл сервис жұмыс берушіге еңбекақы төлеу қорынан есеп айырысу мен міндетті төлемді бір рет басу арқылы орындауға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер мен бухгалтерлік қауымдастық еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен әлеуметтік төлем тетігін жеңілдету мәселесін бірнеше рет көтеріп, ол бұрын Жобалық кеңсе алаңында қарастырылған болатын.

Бүгінгі таңда жұмыс берушілер жұмысшыларға арнап, шамамен 7-8 түрлі әлеуметтік төлемді жүзеге асырады. Олардың әрқайсысы жеке әдістемемен есептеледі. Жаңа сервис қолданыстағы жеңілдіктер мен қызметкерлердің жекелеген санатының ерекшелігін ескере отырып, барлық қажетті төлемді автоматты түрде есептеуге, сондай-ақ төлем құжатын банкке жіберуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Мемлекеттік ақпараттық жүйелерге интеграцияның арқасында сервис қызметкерлердің мәртебесіне сай тиісті есептеу режимін қолдана алады. Сондай-ақ, жұмыс уақытының табелін жүргізу мүмкіндігі қарастырылған, соның негізінде қажетті есептеулер автоматты түрде орындалады.

Сервисті енгізу шағын және орта бизнес субъектілерінің әкімшілік жүктемесін айтарлықтай төмендетеді, мәселен, 200.00 нысанын ұсыну қажеттілігінен бас тартуға болады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев атап өткендей, сервисті енгізу толығымен ерікті түрде жүргізіледі. Бірінші кезеңде сервисті шағын және орта бизнес субъектілері пайдаланса, кейіннен бухгалтерлік жүйемен интеграцияланып, ірі кәсіпорындарға да таратылады.

Сервис әлеуметтік төлем бойынша есеп айырысуды автоматтандыруға, құжатты толтыру кезінде қатені азайтуға және жұмыс беруші мен қызметкердің арасындағы есеп айырысудың ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді, — деп хабарлады Үкіметтен.

Бұл қызмет осы жылы қыркүйекте пилоттық жоба ретінде іске қосылады. Сынақтан сәтті өткен жағдайда, 2027 жылғы қаңтардан бастап тұрақты енгізіледі.

Сондай-ақ отырыста Ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде жеке тұлғаның кредит (қарыз) бойынша міндеттемесі тоқтатылған жағдайда жеке табыс салығы салынбайтын кірістер тізбесін кеңейту мәселесі қаралды.

Үкіметтің мәліметінше, мемлекеттік органдар толықтырулар енгізу қажеттілігі тұрғысынан, оның ішінде отбасының әлеуметтік картасы бойынша базалық тәсілді, сондай-ақ кредиттер (қарыздар) беру кезінде алаяқтық схемалар салдарынан зардап шеккен жеке тұлғалардың болуын ескере отырып, қолданыстағы ерекшеліктерге орай, кірістерге салық салуды бірлесіп қарайды.

Бұдан басқа, отырысқа қатысушылар салық органдарының шетелдік азаматтарға Қазақстан Республикасының резиденті деген сертификат беруін қайтадан бастау туралы ұсынысты қолдады. Бұрын қолданыста болған тетікке қайта оралу қажеттілігі шетелдік клиенттердің салық мәртебесін айқындау және банк салымы бойынша тиісті салық салу режимін қолдану кезінде екінші деңгейлі банктерде туындайтын мәселелерге байланысты болып отыр.

Отырысқа қатысушылар екінші деңгейлі банктердің ұсынысын қолдады.

Ұқсас жазбалар

ОПЕК+ елдері шілдеден бастап мұнай өндіруді тәулігіне 188 мың баррельге арттырады

ОПЕК+ елдері мұнай өндіру көлемін тәулігіне 188 мың баррельге арттыру туралы шешім қабылдады. Жаңа өзгерістер…

Елімізде егіс алқабы 23,8 млн гектарға жетті

2026 жылғы егін егу науқаны аяқталып, егіс алқабы 23,8 млн гектарға жетті. Қаржыландыруға 750 млрд…

ҰБТ: талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинады

2026 жылғы 10 мамырда басталған негізгі ҰБТ жалғасып жатыр. Қазірге дейін тестілеу 187 мыңға жуық…