Сурет: Aikyn.kz
Қазақстандағы тұрғын үй нарығы тағы бір өзгерістің алдында тұр. Бір жағынан, баға әлі де төмендемей тұр, екінші жағынан, 1 шілдеден бастап ипотекалық несие алу тәртібі қатаңдайды. Енді несие алушыларға қойылатын талаптар күшейіп, көптеген отбасы үшін баспана алу қиындай түспек.
Жаңа ереже бойынша, банктер ипотека беру кезінде борышкердің жалпы қарыз жүктемесін ескеретін болады. Егер адамның ай сайынғы несие төлемдері табысының 50 пайызынан асып кетсе, оған ипотека берілмейді. Бұл шара — халықтың қарызға батуын болдырмау үшін енгізіліп отыр.
«Біз азаматтардың несие жүктемесін азайтуға тырысып жатырмыз. Жаңа тәртіп адамдардың өз мүмкіндігін шынайы бағалауына көмектеседі», — деді Қаржы нарығын реттеу агенттігінің өкілі.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс әсіресе жас отбасыларға әсер етеді. Олардың көпшілігінің табысы төмен болғандықтан, ипотека алу мүмкіндігі шектеледі. Алайда мамандар бұл шараны қолдап, ұзақ мерзімде нарықты тұрақтандырады деп отыр.
Қазіргі уақытта елімізде баспана бағасы әлі де жоғары. Соңғы бір жылда пәтер бағасы орта есеппен 15 пайызға өскен. Жаңа ипотекалық талаптар бағаны төмендетуге әсер ете ме, жоқ па — уақыт көрсетеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

