Алдағы үш күнде Қазақстанның басым бөлігінде қар жауып, боран соғады, ал солтүстік өңірлерде қақаған аяз күтіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
«Қазгидромет» РМК 20-22 қаңтарға арналған ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің көптеген аймағында қар жауып, бұрқасын болады және жел күшейеді. Оңтүстікте жауын-шашын (қар, жаңбыр) болады, ал 22 қаңтарда таулы аудандарда қалың қар жаууы мүмкін. Сондай-ақ республика бойынша тұман түсіп, оңтүстік және оңтүстік-шығыста көктайғақ болады.
22 қаңтарда елдің солтүстігінде ауа райы күрт суытады. Жаңа Жер жағынан жылжыған арктикалық антициклон ауа температурасын түнде -25…-38 градусқа, ал күндіз -20…-30 градусқа дейін төмендетеді.
Ал батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінде, керісінше, күн біртіндеп жылынады. Оңтүстікте күндізгі температура -5-тен +3 градусқа дейін, ал елдің батысында -5…-13 градус аралығында болады.
Фото: Әлеуметтік желіден

