Categories Қаржы

2025 жылғы 1 шілдеден бастап банктер қазақстандықтардың барлық шоттары туралы мәліметтерді Ұлттық банкке тапсырады

Қазақстандағы екінші деңгейлі банктер, шетелдік банктердің филиалдары, Қазақстан даму банкі және Қазпошта 2025 жылғы 1 шілдеден бастап барлық банк шоттары туралы есепті Ұлттық банкке тапсыруға міндеттеледі. Бұл туралы тиісті қаулыда айтылған, деп хабарлайды ZhaiyqMedia.kz.

Қандай шоттар бақылауға алынады?

Есептілік тек депозиттерге ғана емес, барлық банктік шоттарға қатысты болады:

  • ағымдағы шоттар;

  • мерзімді және жинақ салымдары;

  • жеке кәсіпкерлердің шоттары;

  • инвестициялық және шартты депозиттер;

  • ұлттық және шетел валютасындағы шоттар, тіпті нөлдік қалдықпен.

Банк есепті мынандай жағдайларда тапсырады:

  • шот ашылғаннан кейін 10 жұмыс күні ішінде;

  • клиент деректері өзгерген жағдайда;

  • жаңа шарт жасалғанда.

Қандай деректер тапсырылады?

Ұлттық банкке жіберілетін жан-жақты есеп келесі ақпаратты қамтиды:

  • шот иесі туралы мәліметтер (жеке тұлға, ЖШС, ЖК немесе халықаралық ұйым);

  • банктік шот шартының деректері;

  • техникалық ақпарат (валюта түрі, мөлшерлеме, қалдық);

  • ай сайынғы операциялар есебі (ақша түсуі, алу, пайыздар, бұғаттаулар және т.б.).

Құжатта көрсетілгендей, депозиттік ұйым мен клиент арасындағы барлық қарым-қатынастар мен шарт өзгерістері есепте көрініс табуы тиіс.

Жеке деректер қалай қорғалады?

Жеке тұлғаның ЖСН-ы орнына есепте деперсонализацияланған идентификатор (ДИН) қолданылады — ол шифрланған және үшінші тұлғалар ЖСН-ды тануына мүмкіндік бермейді.

ДИН келесі талаптарға сай болуға тиіс:

  • әр клиент үшін бірегей;

  • бір банк ішінде өзгермейтін;

  • ішінде ЖСН жасырын түрде де болмайды.

Егер клиентте ЖСН немесе БСН болмаса, АИН (альтернативті идентификатор) қолданылады.

Алайда, мемлекеттік органдардың ресми сұранысы болған жағдайда (мысалы, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу агенттігі немесе Депозиттерге кепілдік беру қоры), банктер деректердің шифрын шешіп, қорғалған арналар арқылы жіберуге міндетті.

Қателерді түзету мүмкін бе?

Иә. Егер банк жіберілген есепте қателік жіберсе, ол 2025 жылдың соңына дейін, бірақ есеп тапсыру мерзімі өткен соң бір айдан кешіктірмей түзету енгізе алады. Бұл үшін банк Ұлттық банкке арнайы хабарлама жіберуі тиіс.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда бағалы қағаздар нарығына бастапқы дилерлер институты енгізіледі

Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, 4 мамырдан бастап мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында бастапқы дилерлер институтын…

Қазақстан ШЫҰ Даму банкі арқылы жаңа технологияларға қаржы тартады

Қазақстан ШЫҰ Даму банкі арқылы заманауи технологияларды қаржыландыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл инвестиция тартудың жаңа…

Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылды: қанша пайдаланушы тіркелді?

Бірыңғай сатып алу платформасы іске қосылып, 500-ден астам пайдаланушы тіркелді. Жүйе мемлекеттік сатып алуларды ашық…