Categories Жайық news

2026 жылдан бастап көлік салығы өзгереді: Кім аз төлейді, кім көп төлейді?

2026 жылдан бастап Қазақстанда көлік салығына қатысты жаңа ережелер енгізіледі. Бұл өзгерістер әсіресе ескі көлік иелеріне жағымды болса, қымбат көлік мінетіндерге салық жүктемесі артады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Қаржы саласының маманы, Qazaq Expert Club өкілі Жания Сандыбайдын айтуынша, бұл шара халықтың әлеуметтік жағдайына қарай салық теңдігін жолға қоюға бағытталған.

«Билік мақсатты түрде әлеуметтік әлсіз топтардың салық жүктемесін жеңілдетіп, ал әл-ауқаты жоғары азаматтар үшін салықты әділетті деңгейге дейін көтермек», – деді қаржыгер.

Көлік жылы енді салыққа әсер етеді

Енді көлік жасының ұлғаюына қарай салық азаяды.

  • 10 жылдан асқан, бірақ 20 жылдан аспаған көліктерге – 30% жеңілдік;
  • 20 жылдан асқан автокөліктерге – 50% жеңілдік.

Бұл өзгеріс әсіресе ескі көлік иелеріне тиімді. Себебі, елдегі жеңіл көліктердің шамамен 67 пайызы 10 жылдан асқан, ал олардың 41,5 пайызы 20 жылдан да ескі.

Мысалы, 2013 жылғы Hyundai Accent көлігінің иесі 2025 жылы 7864 теңге төлесе, 2026 жылы бұл сома 6055 теңгеге дейін қысқарады. Яғни, нақты үнем – 30%.

Көліктің түріне емес, санатына қарай салынады

Бұған дейін көліктер джип, лимузин, пикап секілді түрлерге бөлінсе, енді тек техникалық төлқұжатындағы санатқа қарап салық есептеледі (A, B, C, D санаттары).

«Бұрын көлік түріне байланысты түсініспеушіліктер жиі болатын. Енді бәрі нақты әрі есеп айқын болады», – дейді сарапшы.

Қуатты көліктерге арналған жоғары салық алынып тасталды

Қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден асатын көліктерге қатысты бұрынғы жоғары салық 2026 жылдан бастап күшін жояды. Яғни, барлық жеңіл көліктерге ортақ салық мөлшері белгіленеді.

Мысалы, 2022 жылғы 3.5 литрлік Toyota Land Cruiser 300 автокөлігіне бүгін 182 972 теңге салық төленсе, 2026 жылы бұл сома 64 875 теңге болады. Яғни, салық үш есеге дейін төмендейді.

Ауыл шаруашылығына – бір пикапқа толық жеңілдік

Әрбір шаруа және фермер қожалығы бір пикапқа толық салықтан босатылады. Бірақ оның техникалық талаптарға сай болуы – міндетті.

  • Егер қожалықта бір ғана пикап болса – толық босатылады;
  • Егер бірнеше көлік болса – тек біреуіне жеңілдік, қалғандары жалпы тәртіппен салынады.

Қымбат көлік алатындарға – қосымша салық

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап құны 18 000 АЕК-тен (шамамен 77 млн теңге) асатын көліктерге 10% көлемінде акциз салығы қолданылады. Бұл салық көлік алғаш тіркелген кезде де, кейін қайта сатылғанда да салынады.

Заңды тұлғалар үшін есеп беру жеңілдейді

Компаниялар бұрынғыдай әр тоқсан сайын есеп тапсырмайды. Енді жылына тек бір рет – жылдық декларация өткізу жеткілікті.

Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?

  • 2025 жыл үшін салық бұрынғы ереже бойынша төленеді. Төлеу мерзімі – 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін.
  • 2026 жылғы салық жаңа ережемен есептеледі. Яғни, өзгеріс 2027 жылы төленетін салықта көрінеді.

Ұқсас жазбалар

Мемлекеттік кірістер комитеті ескерту жасады: Кәсіпкерлер осы қателікке байланысты оңайлатылған режимге өте алмай жүр

Мемлекеттік кірістер комитеті оңайлатылған декларацияға өту туралы өтініштердің неліктен қабылданбайтынын түсіндірді. Басты себеп – ескірген…

НАТО ыдырау алдында ма? Франция АҚШ-қа наразы болып, альянстан шығуды ұсынды

Франция Ұлттық жиналысының депутаты АҚШ-тың саясатына наразылық білдіріп, елдің НАТО құрамынан шығуы туралы резолюция ұсынды.

Вопросы инновационного развития регионов на примере центра Batys Hub подняла депутат

Депутат Мажилиса, член фракции партии «AMANAT» Снежанна Имашева встретилась с коллективом инновационного центра «Batys Hub»…