Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланды. Бұл туралы ақпарат Президенттің ресми мәлімдемесінде айтылды.
Жаңа бастама елдің технологялық дамуына серпін беріп, білім беру, денсаулық сақтау салаларында сапаны арттыра түспек. Сонымен қатар, инфрақұрылымды жаңарту, шағын бизнесті қолдау және «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жалғастыру көзделіп отыр.
Бұл туралы Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тоқаевтың айтуынша, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу Қазақстанның дамуын жеделдетіп, азаматтар өмірінің сапасына тікелей әсер етеді. Әсіресе жастар үшін бұл — жаңа мүмкіндіктер мен білім алаңына жол ашады.
2025 жылы «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде өткеннен кейін, келесі кезең ретінде цифрлық трансформацияға басымдық берілуі заңды қадам саналады.
Неге дәл цифрландыру мен жасанды интеллект таңдалды?
Президенттің пайымдауынша, инновациялық бағыттарды дамыту әлемдік экономиканың жаңа талаптарына сай болу үшін маңызды. Осы орайда, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және жасанды интеллектті енгізу – негізгі басымдықтарға айналады.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама еңбек өнімділігін арттырумен қатар, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы салаларында оң өзгерістер әкелуі мүмкін.
Сонымен бірге, цифрлық дәуірге бейімделу қазақстандық кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік бермек. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсету шаралары да осы бағытта жүзеге асырылады.

